Баланың өнер ортасында өсуі
«40-нан шыға сала, балам неше түрлі көрмеде және олардың ашылуында болды. Ол менің күнде сурет салатынымды көріп өскен бала. Менің шеберханам үйде, сондықтан көз алдында жұмыс істеймін. Ол бірге толмай жатып, қасыма отырғызып, сурет салдыртатынмын.Үлкен үлкен холсттар беретінмін. Шеберханаларға бірге алып баратынмын. Косметикамен де сурет салып кететін уақыты болған, үйдегі керегелер де назардан тыс қалмады.
Баланың шығармашылық ортада өсуі оған жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Өйткені бала еркін өседі. Жолдасым да, мен де еркін адамдармыз. Кейде әкесі басқаша тәрбиелегісі келеді, бірақ менің қасымда ол еркін боп өсіп келе жатыр. Барынша еркін болғаны басқа адамға зиянын тигізеді деп ойламаймын. Біз қызымыздан агрессия сияқты эмоцияларды байқамаймыз, керісінше эмпат, жақсы бала боп өсіп келе жатыр.
Қызымның осындай болмысының қалыптасуына өнер әсер етті деп ойлаймын. Оны жоспарлап жасамадым, табиғи жолмен келді. Өйткені шығармашылық ортада: күйеуім де, мен де суретші. Өнермен айналысқаннан кейін, оған тансық нәрсе емес. Әрдайым жанымызда жүреді, бәрін көреді, жан-жағының бәрі өнер, картиналар. Баратын жері - галерея. Бір қызығы, кішкентай болып, жасы 7−8 болса да, өнерді түсінеді, өз интерпретациясын жасап, ойын айтып береді. Осының барлығының жамандығы жоқ шығар деп ойлаймын.
Өнер ортасында өсу балаға сезімтал, нәзік, еркін, эмпат болуды үйретеді. Батыл болуды да үйретіп жатырмыз, біздің қызымыз өте нәзік. Сырт жаққа шыққанда, өзімен жасты балалармен байланысқа шығуды қорқақтайды, араласып кетуі біраз қиындау секілді. Бірақ үлкен кісілермен бірден тіл табысып кетеді. Неге олай болғанын білмеймін, балалардың көретін мультфильмдерін қарайды, бірге жүреді. Енді-енді жөнделіп келе жатқан сияқты. Кішкентай кезінде қатты қорқақтайтын.
Өнермен байланыс баланың өз қалауын жақсырақ тануға көмектесе алады деп ойлаймын. Менің қызым, айтып кеткенімдей, өзін еркін ұстайды. Тойға барсақ, ортаға шығып, билеп кетеді. Мұражайға барсақ та, еркін жүреді. Мысалы, мен кішкентай кезімде еркін болған жоқпын, ұялшақ болатынмын, адамдарды көрсем, тығылып қалатынмын. Ортаға шығып билеуге ұялатынмын. Өскен кезде де, сахнаға шыққанымда, дірілдеп тұратынмын. Қызымда ондай қорқыныш жоқ, сонысы ұнайды. Қызым өз шекарасын сақтай біледі. Біреу орынсыз қалжындаса, бетінен сүйем десе, «жоқ» деп қайтара алады. Осының барлығы өнердің ортасында жүргеннен шығар деп ойлаймын.
Баламның өнер ортасында өсуі оның қарым-қатынасына қатты әсер етеді. Менің құрбыларыммен өте еркін сөйлеседі. Мен телефонмен сөйлесіп отырсам, жармасып, менің құрбыларыммен құрбы, достарыммен дос болып алған. Өз ортасында да еркін. Қарап тұрсам, концерттерде де еркін тұрады, күледі, жүреді, билейді, еркін сөйлейді. Қызымыз орысша сөйлеген соң, қазақ мектебіне беріп қойдым. Содан шамалы оқуынан қиналып қалып жатыр, бірақ оны да реттеп аламыз деп ойлаймын. Мен оны асықтырмаймын, бір уақыты келгенде оқып кетеді деп ойлаймын. Бірақ осы жағдай үшін өзімді көп кінәлаймын.
Мұндай балалықтың екінші жағы да бар деп ойлаймын. Күйеуім «Бұл бала тым еркін, ертең қиын болуы мүмкін», — деп айтады. Бірақ бұны өсе келе өмір көрсетеді. Ең бастысы өзіне сенімді болса, ешқандай қиындық тумайды деп үміттенем. Бізді осы күнге дейін сенімсіздік құртып келді деп ойлаймын. Өзімнің ұялып қалғанымнан, көп нәрсеге жетпей қалып, қысылып қалған кездерімді білемін. Бала туғаннан кейін біраз жылдан соң, өзімізді сенімді ұстап, өзімізге келіп жатырмыз. Қызымның ерте бастап жатқаны дұрыс шығар деп ойлаймын» .