«Қазір мен мұғалімдер және студенттермен жұмыс істеймін: бағдарлама құру, әдістемелік қолдау, тәжірибеммен бөлісу. Негізгі кәсіби жолым жеке мектептерде химия пәнінің мұғалімі болып басталды.
Ана болған кезім менің ұстаз ретіндегі көзқарасыма да, өмірлік ұстанымыма да қатты әсер етті. Қызым мектеп табалдырығын аттағанда, мен алғаш рет «мұғалім мен ата-ананың шекарасы қай жерде?!» деген сұрақпен бетпе-бет келдім. Бір жағынан — мен ұстазмын, балаларға білім беремін. Екінші жағынан — мен анамын, өз баламның жанында болғым келеді.
Ана болмай тұрып, мұғалім болып жұмыс істегенде, мен бір нәрсені мүлде байқамаппын: энергияның таусылатынын. Күштің де шегі бар екенін. Ол кезде мен сабақта өзімді жүз пайыз беретінмін. Бұл мен үшін қалыпты жағдай еді. Балаларға барымды салу керек деп ойладым. Тіпті TikTok-та да оқушыларға химияны түсіндіру үшін контент жасадым, сол жерде де барымды бердім. Маған солай дұрыс сияқты көрінді.
Ал балам дүниеге келгеннен кейін бәрі өзгерді. Жұмыстан қатты шаршап келемін. Ал қызым: «Анашым, ойнайықшы» дейді. Сол сәтте мен оның жанында болғым келеді, бірақ ішімде күш жоқ екенін сеземін. Сол кезде алғаш рет кінә сезімі пайда болды. «Мен неге шаршадым? Неге өз балама энергиям жетпей қалды?» деген сұрақ мазалады.
Мен сабақта да, жобада да, контентте де жүз пайыз болғым келді. Бірақ дәл сол уақытта менің балам мені күтіп отырды. Ол менің назарымсыз қалмауы керек қой. Сол сәтте ситуацияны қайта бағалауға тырыстым. Неге мен барлық энергиямды сыртқа беріп, өз балам қалғанын ғана алуы керек?
Сол кезде мен бір шешімге келдім: баланс пен компромисс керек. Мен өзіме нақты мақсат қойдым — баламмен байланысты жоғалтпау және өз энергиямды қалпына келтіру. Уақытты саналы түрде жоспарлау, балам менсіз қалмайтындай жүйе құру.
Бұл жерде өз анамның тәжірибесі де маған қатты әсер етті. Анам да мұғалім болған. Ол да көп адамдармен жұмыс істеді. Ал кейде мен, бала ретінде, сол назардан тыс қалып қоятынмын. Анам жаман болғандықтан емес, жай ғана шаршағандықтан. Сол сезімді мен өз балама бергім келмеді.
Сондықтан мен жұмысымды да, өмірімді де балансқа әкелуді таңдадым.
Уақыт өте келе тағы бір маңызды нәрсені түсіндім: мен үйде де, мектепте де «100%» болуға тырысып жүріп, өзімді ұмытыппын. Бір жақта — отбасы, бір жақта — мектеп, сабақ, жобалар, олимпиада, балалардың көңіл-күйі, әлеуметтік дағдылары… Ал менің өзім қайда?
Сол кезде мен «баланс» дегеннің тек екі жақ емес екенін түсіндім. Үшінші тарап бар екен — ол өзім. Мен өзіме уақыт бөлмесем, энергиямды қалпына келтірмесем, ешқайсысына сапалы бере алмаймын.
Сондықтан бір кезеңде жұмыс сағатымды қысқарттым да, бір жыл демалдым. Кейде мұғалімдерге дәл осындай «каникул» керек деп ойлаймын. Демалысты да, жеке уақытты да алдын ала жоспарлау — өзіңді қорғаудың бір жолы.
Қазір мен өзімді ұстап тұру үшін күнделікті кішкентай тіректер жасаймын: таңертең алғыс күнделігін жүргіземін, медитация жасаймын, йогамен айналысамын. Би де маған қатты ұнайды. Кейде жай ғана серуендеймін.
Маған әріптестердің қолдауы да көп көмектеседі. Бірге шай ішудің өзі — үлкен «подзарядка». Ал жақын құрбылармен кездескенде, мен қайтадан жай ғана Назира екенімді сезінемін: ана да емеспін, мұғалім де емеспін.
Тағы бір үлкен қадам көмек сұрауды үйрену болды. Бұрын бәрін өзім арқалап, ешкімге тіс жармайтынмын. Қазір анамнан, әпке-сіңлімнен қызыммен бола тұруды сұрай аламын. Бұл әлсіздік емес екенін түсіндім. Керісінше, жауапкершілікті дұрыс бөлу.
Тіпті кейде жалғыз саяхаттап кетемін. Ал сол уақытта қызым жақындарымен болғанда, ол да басқа қырынан ашылады екен. Сонда мен бір нәрсені анық ұқтым: бәрін өз мойныңа іліп алу міндет емес.
Бұрын мен өзіме өте қатал едім. «100% жұмыс істеуім керек», «мен міндеттімін», «мен болмасам не болады?» деген ойлар көп болатын. Тіпті «қазақ тілінде химиядан жалғыз мен жүрмін» дегендей ауыр жауапкершілікті өзіме жүктеп алатынмын. Кейін түсіндім: қанша істесем, сонша жеткілікті. Ана ретінде де, мұғалім ретінде де. Мен ең алдымен адаммын. «Жай ғана Назира» деген бөлігім де менің қамқорлығыма мұқтаж.
Сол түсініктен кейін қаттылық азайды да, икемділік келді. Қазір жобалардың арасында міндетті түрде үзіліс қалдыруға тырысамын. Қалпына келмей тұрып, қайта кіріссем, ешкімге жақсы болмайтынын түсінемін.
Үйдегі ана рөлімде мен ең алдымен эмоционалды байланысты таңдадым. Құшақтау, сөйлесу, бірге күлу. Біз ортақ хобби табуға тырысамыз, аптаны жоспарлаймыз: қашан кафеге барамыз, қашан фильм көреміз. Үйде қызымның тұрмыстық дағдыларын да дамытуға мән беремін: жоспарлау, жауапкершілік, өз бетімен оқу.
Ал мектептегі балаларға келгенде, мен оларға білім берумен қатар, әлеуметтік маңызды дағдыларын, эмоциялық күйін де назарда ұстаймын. Сабақ кезінде өзімді барынша сол сәттің ішінде ұстауға тырысамын. Егер жобалары, олимпиадалары болса арнайы уақыт бөлемін. Бірақ ең маңыздысы — шекара: мен уақытты да, күшті де жоспарлаймын.
Мектептегі балалармен жұмыс істегенде мен үшін ең маңызды нәрселердің бірі — шекара. Мен олармен әдейі белгілі бір қашықтықты сақтаймын. Тіпті балаларға «сен» деп емес, «Сіз» деп сөйлеймін. Бұл формальдылық үшін емес. Осылайша бала мектепте оның алдында ата-ана емес, мұғалім тұрғанын сезінеді. Субординация пайда болады. Ал бұл өз кезегінде жауапкершілікті, тәртіпті және кәсіби қарым-қатынасты қалыптастырады.
Мен бірден анық түсіндім: мен мектептегі балаларға «ана» болуға тырыспаймын. Барлық рөлді өзіме жинап алғым келмейді. Ата-ана рөлін ешкім тартып алмауы керек, алмастыруы да дұрыс емес. Мұғалім — бағыттаушы, ұстаз, кейде ментор. Бірақ ата-ананың орнын басатын адам емес.
Әрине, балалардың түрлі жағдайлары болады. Қиындықтары, сұрақтары, эмоциялық күйзелістері бар. Ондай кезде мен көмектесуге тырысамын, тыңдаймын, қолдаймын. Бірақ олардың жеке өміріне терең кіріп кетпеймін. Егер баланың көңіл күйі ұзақ уақыт түсіп жүрсе немесе қолдауға мұқтаж екенін көрсем, мен міндетті түрде ата-анасын, қажет болса мектеп командасын қосамын. Себебі баланы жалғыз мұғалім емес, ортақ жүйе қолдауы керек.
Балалар, әрине, мұғалімнің жеке өміріне қызығады. Мен туралы да көп сұрақ қояды. Бірақ мен бұл жерде де шекараны сақтауға тырысамын. Олар үшін мен ең алдымен ұстаз, кейде ментор, кейде сенімді ересек адаммын. Дос болуға тырысамын. Олардың өз ата-анасы бар, сол байланыс ең бастысы.
Жалпы, мұғалім мамандығы маған бір үлкен түсінік берді: балалар әртүрлі болады. Бірдей темп жоқ, бірдей мінез жоқ, бірдей оқу тәсілі де жоқ. Біреу тез меңгереді, біреу баяу. Біреу эмоциясын ашық көрсетеді, біреу ішіне сақтайды. Осы тәжірибе маған өз баламды қабылдауға қатты көмектесті.
Үй тапсырмасын жасағанда да мен осыны ескеремін. Бір әдіс барлық балаға бірдей жұмыс істемейді. Сол себепті мен кәсіби тәжірибемді ана рөлімен жұмсақ біріктіремін: баламның ерекшелігін байқап, оған ыңғайлы тәсілді іздеймін. Салыстырмаймын, асықтырмаймын, өз темпімен жүруіне мүмкіндік беремін.
Менің мұғалім-ана қауымына айтарым бар.
Өтінемін, энергия шектеулі, оны толтыруға көңіл бөлу керек. Бұл ең негізгі база. Сен адамдармен жұмыс істейсің: үйде де, мектепте де. Қазір психология туралы материал көп, кітап көп, маман көп. Күн тәртібіңді жоспарла. Өзіңе уақыт бөл. Бірақ бәрін бірден емес, біртіндеп енгіз. Өзіңнен тым көп талап етпе. Өзіңді кешіруді үйрен.
Бізде бір сөз бар ғой «Учителям не до своих детей», «ұстаздар өз балаларны емес, елдің баласына қарайды» — осы сөздерден бас тартып, баламен өткізетін уақытты санмен өлшемей, сапасына назар аударған жөн деп ойлаймын. Кейде мен жұмысымнан шынымен қуанып, толысып келемін. Қызым оны сезеді. Тіпті: «Анашым, сенің жұмысың сондай керемет!» деп қуанып отырады. Бұл да — байланыс.
Қазір мен мұғалімдермен жұмыс істеймін, студенттерге дәріс беремін. Біз олардың да әлеуметтік және эмоционалды дағдыларын дамытуға көңіл бөлеміз. Бірақ кейде жас мұғалімдерден бір ауыр сөз естимін: «Алдымен мұғалімдіктен кетемін, содан кейін ана боламын. Мұғалім болып жүріп, ана болу қиын» дейді. Мұны естігенде, ішім ауырады.
Осы стереотипті бұзғым келеді. Мұғалім бола жүріп те, ана болуға болады. Ана бола жүріп те, мамандығыңды сүйіп істеуге болады. Және ең бастысы — мұғалім де, ана да бола отырып, жай ғана адам болып қалу да мүмкін".