1. Бастапқы кезең
«Бізді ешкім ата-ана болуға дайындамады. Бала туған соң менің оқитыным ct. kz, vse. kz платформаларындағы ата-аналар форумы, «Мой ребенок» журналы еді. Біздің ата-анамыздың тәрбие әдістемесі қате деген ой болатын, қайдан шыққанын білмеймін оны. Мүмкін осы ресурстардағы контенттен шығар, баланы тастай қылып байлап, бесікке бөлеу дұрыс емес, қол-аяғын бос жіберу керек, емізік бермеу керек, ет-сүт бермеу керек. Баланы қалай тамақтандыру керек, қалай сөйлесу керек, не ойнату керек, бәрінің жауабын солардан іздейтінмін. Сондықтан бұл кезең іздену кезеңі еді. Бұл кезде бойымда өзгерістер басталған еді. Оны алғаш рет жаңа жыл түні сағат он екіде тілек тілеп отырғанда байқадым. Бұрын материалдық дүние тілесем, алғаш рет елімізде, әлемде тыныштық болсын деп тілеппін.
Бір ұлым бар еді, ол екі жасқа толар кезде қызымды дүниеге әкелдім. Байқағаным отбасымыздағы бұл оқиға ұлыма үлкен әсер етті. Ата-ана махаббаты ғана емес, күнделікті режимі, үйдегі ереже өзгерді. «Шулама, ойыншықтарды жинап жүр, қарындасыңа бер». Тыйым көбейді, біреу үшін жауапкершілік те ала бастады. Түсінгенім, адамның болмысына гені, тәрбие ғана емес, қоршаған орта әсер етеді екен. Балам енді өзгелердің, яғни менің және қарындасының, реакциясына қарай бастады. Балабақшаға барғанда қоғамға бейімделу, коммуникация жасауды үйренді, өзінен кіші, әлсіздерге қамқор бола бастады. Бұл 2007−2008 жылдар, «Балапан» телеарнасының енді шыға бастаған кезі еді. Контенті өте жақсы болатын. Ең сүйікті сериалы «Түнгі баққа саяхат» («In the Night Garden» британ телесериалы) еді. Қазір баламның эмпатиясы өте жоғары екенін байқаймын, осы бүлдіршін кезеңде сол қасиет қаланған шығар.
Біздің үйде бір-бірімізге қамқорлық, жылы сезімді тамақ арқылы көбірек білдіреді екенбіз. Алыстағы ата-апасы бізге үнемі құрт-май, таба нан, жеміс-жидек, тәттілер беріп жіберетін. Мен, көңіл-күйім күшті болғанда, мерекеде, балалардың көңіл-күйін көтеру керек болса, ұнатқан тамағын жасаймын.
Балалар есейгенде, бірде сұрадым: «Бала кезде жеген ең-ең дәмді тамақ не еді? Соны пісіріп берейін» — деп. Екеуі де «қызыл каша» деді. Не ол қызыл каша? Қызылша қостым ба, құлпынай қостым ба, мүмкін жасымықтан ботқа жасап бердім бе, бірақ ол қызыл емес сары ғой десем, «жоқ, қызыл каша» дейді. Ештеңе қосылмаған қызыл каша. Ұзақ таба алмадым. Бала кезде жарма, күріш, сұлы, тары ботқасын ғана жасаушы едім. Қайдағы қызыл каша. Сөйтсем, бірде үйде қант бітіп қалып, орнына кисель қосыппын. Кәдімгі манка, жарма ботқасы, бірақ қант орнына шие киселі қосылған. Түсінгенім балаға қымбат дүниеден гөрі, креатив шешімдер ұнайды, әрі есте қалады екен))
Ұлым бір жылдары, 12−13 жасында ғой деймін, дәмді бәліштер пісіре бастады, тіпті менікінен де дәмді болатын. Мақтағаныма қуанып, мен өскенде аспаз болам дейтін. Ішімнен оның аспаз болуын аса қаламасам да, қолдайтынмын. Кейін өзі арманын өзгертті ғой. Армандар демекші, сол 13 жасында футболмен «ауыра» бастады. Гризманның фанаты болды, алғашқы оқыған кітабы да оның биографиясы. Өскенде футболист боламын деді. Сол кезде «Қазақстанда футболист болып күніңді көре алмайсың, басқа маман болуды арманда» дедім. Ол Криштиану Роналду туралы айта бастағанда, «ол миллионнан жалғыз мысал, сен ондай бола алмайсың» деп, бетін қайырып тастадым. Соған әлі өкінемін. Иә, мүмкін мықты футболист болмас па еді, әлде болар ма еді. Бірақ ол шешімді өзіне беруім керек еді. Кейін ұшқыш боламын деді, енді қатемді қайталамаймын деп, сол арманына жету үшін барымды салып жүрмін.
Жалпы бала барлық кезеңнен өзі өтуі керек: әлемнің оның құшағына сыйып кететініне сену, «Аяз атаға» хат жазу, өзінің ең ақылды, ең батыл бала екенін білу, өмір ол ойлағандай бола бермейтінін түсіну. Барлық кезеңнің өз орны, пайдасы бар. Бірден рационалды реалист тәрбиелеу балаға қиянат шығар. Себебі қиялдаудың да пайдасы бар. Кейде ауыр жағдайлар, келеңсіз оқиғалардан осындай қиял, тәтті естеліктер алып шығады екен.
Бала есейгенде, ата-ана қамқорлық, өбектеуден гөрі енді балаға сену, сенім беру, қолдауға көшуі керек сияқты. Меніңше, балалар онсыз да өмірден сүрініп, қателесіп сабақ алады. Тек әрқашан түсінетін, қандай қиын жағдайда да қолдау білдіре алатын, тыңдай алатын адамы болуы керек. Қазір қарым-қатынасымызды ұстап тұрған да осы бір-бірімізге сенім шығар».