Тұлға дамуына тұтас көзқарас деген не?

Авторы: Құралай Жарқымбаева, әлеуметтік және эмоциялық даму бойынша сарапшы
Біз Bridges and Feelings жұмысының аясында бала және ересектердің дамуына ғылыми негізі бар тұтас тәсілді қолданамыз. Бұл тәсіл тұлғаны бөлек-бөлек дағдылар жиынтығы ретінде емес, ішкі әлемі, қарым-қатынасы, ортасы, таңдауы мен күнделікті тәжірибесі өзара байланысып жатқан тұтас адам ретінде қарастырады.

Біздің негізге алатынымыз — CASEL ұсынған әлеуметтік және эмоциялық дамудың шеңбері.
Ал енді бұл тұтас жүйелі адам тұлғасының даму тәсіліне көз жүгіртсек.
Бес құзырет - бір-бірімен байланысқан жүйе

Тұтас тәсілдің бірінші мәні - тұлға дамуын ретсіз емес, өзара байланысқан жүйе ретінде көру.


Әдетте бұл жол өзін танудан басталады. Бала да, ересек адам да алдымен өз сезімін, ойын, мінезін, ішкі күйін, мықты тұстарын, әлсіз жерлерін тани бастайды. Бұл өзін-өзі тану.


Одан кейін адам сол таныған дүниесін басқаруды үйренеді: эмоциясын реттейді, импульсін тежейді, мақсатын ұстайды, қиындықта өзін жинайды. Бұл өзін-өзі басқару.


Келесі қадамда назар өзінен сыртқы әлемге ауысады. Адам өзгені байқай бастайды: басқа адамның сезімін, тәжірибесін, жағдайын, айырмашылығын түсінуге ұмтылады. Бұл әлеуметтік сананы, әлеуметтік сезімталдықты (сауаттылықты) дамыту.


Осыдан кейін қарым-қатынасқа кезек келеді. Өзгені түсінген соң, адам сол түсінікке сүйеніп байланыс құрады: сөйлеседі, тыңдайды, шекара қояды, жанжал шешеді, достықты сақтайды, көмек сұрайды, қолдау көрсетеді. Бұл қарым-қатынас құра білу.


Ал осының бәрінің негізінде адам жауапты шешім қабылдауға келеді. Яғни өзіне де, өзгеге де зиян келтірмейтін, салдары ойластырылған, құндылыққа сүйенген таңдау жасайды.


Маңыздысы: бұл қатаң баспалдақ емес. Бұл құзыреттер бірінен кейін бірі ашылғанымен, өмірде олар үнемі бір-біріне әсер етіп, қатар дамып отырады. Бірақ ата-анаға бағыт керек. Біз сол бағытты анық, түсінікті етіп ұсынамыз.


Бұл құзыреттер бір-бірінен бөлек өмір сүрмейді. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырып, бірге дамиды. Сондықтан тұлға дамуын қайдан бастау керек, нені қай ретпен дамыту керек деп әр жерден іздеп жүрудің қажеті жоқ. Біз осы жолды сіз үшін түсінікті етіп құрып қойғанбыз.


Бұл жолды ата-аналар үйде, педагогтар мектепте, ұйымдар өздерінің командалары үшін қолдана алады.

Тұтас тәсіл - тек дағды емес, дамытушы орта

Тұлға тек тапсырма, ойын не арнайы жаттығу арқылы ғана дамымайды, ең алдымен өзі өмір сүріп жатқан орта арқылы дамиды. Және құзыреттер ортадан тыс өмір сүрмейді, сол ортаның ішінде қолданылады.


Сондықтан тұтас тәсіл тек «тұлғаға нені үйретеміз?» деген сұрақпен шектелмейді. Ол «адам қандай ортада өмір сүріп жатыр?», «оның айналасындағы адамдар қандай қатынас үлгісін көрсетіп жүр?», «күнделікті өмірінде қандай ахуал қайталанып тұр?» деген сұрақтарды да қамтиды.


CASEL бұл жерде бірнеше маңызды ортаны атап көрсетеді:

үй мен отбасы, сынып, мектеп, қауымдастық.


Бала өзін қауіпсіз сезінетін, эмоциясы еленетін, пікірі құрметтелетін, үлкендер өзара серіктес бола алатын ортада әлдеқайда жақсы дамиды. Егер баланың айналасындағы ересектер бір-бірімен бәсекелеспей, бірігіп, оның мүддесі үшін ортақ ұстаным қалыптастырса, бұл оның ішкі тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Баланы дамыту ересектен басталады

Bridges and Feelings-тің ата-аналарға арналған платформасында біз ең алдымен отбасыға сүйенеміз. Себебі баланың өмірді алғаш танып, қарым-қатынасты үйренетін жері - осы отбасы.


Бала ата-анасының «дұрыс сөзін» ғана тыңдап өспейді. Ол ата-анасының қалай сөйлейтінін, қалай ренжитінін, қалай кешірім сұрайтынын, қалай ашуланатынын, қалай шекара қоятынын, қалай бірін-бірі сыйлайтынын көріп өседі. Яғни бала отбасындағы эмоциялық ахуалды бойына сіңіреді.


Сол себепті біз үшін баламен жұмыс істеу — тек балаға әдіс беру емес. Бұл алдымен ересек адамның өзіне қарауы және дамуы. Өйткені ересек адам өз бойында байқамайтын, өзі меңгермеген дүниені балаға сау жолмен бере алмайды.


Тұтас тәсілде ата-ананың өзі де дамудың бір бөлігі болады. Мысалы, біз ата-анаға «балаға эмоциясын реттеуді үйретіңіз» деп қана айтпаймыз. Біз ең әуелі:

сіз өз эмоцияларыңызды анықтай аласыз ба? Оларды реттей аласыз ба?

деген сұрақтарға назар аударамыз.


Себебі балаға ең күшті әсер ететін нәрсе — насихат емес, үлгі.


Егер үйде ересек адам эмоциясын танитын болса, бала да соны үйренеді. Егер ересек адам қателескенде кешірім сұрай алса, бала да жауапкершілікті солай түсінеді. Егер үлкендер бір-біріне құрметпен қараса, бала үшін бұл қарым-қатынастың қалыпты үлгісіне айналады.

Бұл тәсіл күнделікті өмірде іске асады

Біздің ұстанымдағы тұтастықтың тағы бір белгісі - бұл тәсілдің өмірден бөлек тұрмауы. Ол арнайы бір сағатта ғана қолданылатын әдіс емес. Ол күнделікті өмірге енетін тәжірибе.


Мысалы:

  • сезім туралы үнемі сөйлесу,
  • қателікті ұрыспен емес, талқылаумен қарсы алу,
  • жанжалды қорқытып емес, түсініп шешу,
  • баланың сөзін соңына дейін тыңдау,
  • отбасы ішінде тұрақты шағын дағдылар мен дәстүр қалыптастыру.

Біз бір реттік әсер беретін кеңес емес, күнде қайталанатын, отбасы өміріне сіңетін практикаларды ұсынуға тырысамыз. Себебі баланы өзгертетін нәрсе — сирек айтылған «дұрыс әңгіме» емес, қайта-қайта қайталанатын қарым-қатынас үлгісі.


Біз мінез-құлықтың сыртына емес, астарына қараймыз


Тұтас тәсілдің ең маңызды тұстарының бірі - баланың әрекетіне қарап қана үкім шығармау.


Біз «бала не істеді?» деген сұрақпен шектелмейміз. Біз «оның артында не тұр?» деп қараймыз.


Баланың мінез-құлқының артында:

  • эмоциялық күйі,
  • қанағаттанбаған қажеттілігі,
  • үйренбеген дағдысы,
  • шаршауы,
  • қорқынышы,
  • ортасының ықпалы,
  • қарым-қатынас сапасы тұруы мүмкін.

Сондықтан біздің мақсатымыз — баланы түзету емес.

Біздің мақсатымыз — баланы түсіну, қолдау және толық ашылуына жағдай жасау.

Бұл мінсіздік туралы емес, қайта оралу туралы тәсіл

Тұтас тәсіл ата-анадан мінсіз болуды талап етпейді. Бұл «ешқашан ашуланбау», «әрдайым дұрыс сөйлеу», «қателеспеу» деген әңгіме емес.


Бұл қателессең де, оны байқап, мойындау.

Шаршап кетсең де, қайта практикаға оралу.


Бізге мінсіз ата-ана емес, байқай алатын, үйренуге дайын, қатынасты қалпына келтіре алатын ата-ана маңызды.

Бұл дағдылар тек балалық шақта ғана емес, бүкіл өмір жолында бізге керек

Әлеуметтік және эмоциялық дағдыларды кейде тек мектепке керек нәрсе, не кішкентай балаларға арналған тақырып деп қабылдайды. Шын мәнінде, бұл - өмір бойы қажет тірек.


Өзін тану, эмоцияны реттеу, өзгені түсіну, шекара қою, шешім қабылдау:

  • отбасында,
  • достықта,
  • оқуда,
  • жұмыста,
  • серіктестік қатынаста,
  • ата-ана болғанда,
  • дағдарыс кезінде бәрібір қажет болады.

Яғни бұл бір кезеңдік емес, өмірлік дағдылар.


Біздің мақсат - тек “табысты оқушы” емес, өмірге дайын адамды тәрбиелеу


Тұтас тәсілдің түпкі мақсаты - бағасы жоғары, олимпиада медальдары көп бала тәрбиелеу ғана емес.


Біз үшін маңыздысы:

өзін түсінетін,

сезімін реттей алатын,

қысымда жоғалмайтын,

қарым-қатынас құра алатын,

өзін де, өзгені де құрметтейтін,

өмірде жол таба алатын адам қалыптастыру.


Яғни мәселе тек үлгерімде, университетте, мансапта немесе сыртқы жетістікте емес. Мәселе - адамның өмір сүре білуінде.


Сол себепті әлеуметтік және эмоциялық даму - жай ғана мектепке арналған модуль немесе отбасылық тренд емес. Бұл баланың болашақ өміріне керек берік ішкі тірек.

Осындай тақырыптар сізге жақын болса,
Bridges and Feelings жобасында біз күнделікті өмірдің қарапайым жағдайларында баланың эмоциясы мен дағдылары қалай қалыптасатынын байқап, түсінуге көмектесеміз.
© 2025 «Kinspire» ЖШС | Bridges and Feelings жобасы. Барлық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалған.
  • Дербес деректерді өңдеу саясаты
  • Байланыс ақпараты:
  • Өнімдер бойынша сұрақтар:
  • +7 702 234 53 58, Гульжиян Жаниева
  • Серіктестік мәселелері бойынша:
  • +7 705 401 91 36, Құралай Жарқымбаева
bridgesandfeelings@gmail.com
Made on
Tilda