8 наурызда қандай акцент  қойған дұрыс?
Ата-аналар мен ұстаздарға арналған 12 ұсыныс

8 наурыз тек құттықтау күні емес.
Бұл құқық, теңдік, мүмкіндік және қадір-қасиет туралы күн.
Бүгін 8 наурыз дегенде, ойымызға көбіне раушан гүлдері, қызғалдақтар, тәттілер, «Аналар күні» деген, тіркестер келеді. Тіпті кейде: «Сен әлі ана болған жоқсың, бұл сенің мерекең емес» деген пікірлерді де естіп жатамыз. Мұндай түсініктер 8 наурыздың тарихи мәнін көмескілендіріп, оның бастапқы идеясының құнын төмендетіп жібереді. 

Ал шын мәнінде бұл күн тек құттықтау күні емес. Бұл құқық, теңдік, мүмкіндік және қадір-қасиет туралы күн. Сондықтан 8 наурыз аясында дұрыс акцент қою — біздің қоғамдағы балалардың дамуына тікелей әсер ететін маңызды тәрбие жұмысы.
Неліктен бұл тақырып баланың дамуы үшін маңызды?

Бұл диалогты саналы түрде құру — үлкен жауапкершілік. Неліктен бұл тақырып баланың дамуы үшін маңызды? Бала үшін «Мен кіммін?», «Менің қоғамдағы орным қандай?», «Менің жынысым менің мүмкіндіктеріме әсер ете ме?» деген сұрақтар — өзін-өзі тану процесінің өзегі. 


Бұл сұрақтарға қалай жауап алатыны оның:

  • өзіне деген сеніміне,
  • болашақ мақсатына,
  • армандау еркіндігіне,
  • «Мен лайықтымын ба?» деген ішкі ұстанымына әсер етеді.

Сонымен қатар мұндай диалог баланың әлеуметтік сезімталдығын арттырады. Кез келген адамды өзіне тең көре білу, түсіну, құрметтеу — тарихи және әлеуметтік контекстті түсінуден басталады. Сондықтын 8 наурыз қыздардың да, ұлдардың да дамуында маңызды орын алады.

Бұл материалды қалай қолдануға болады

Бұл материалы сіз ата-ана ретінде үйге бейімдеп қолдана аласыз, немесе мектеп өміріндегі белсенділігіңіз жоғары болса, балаңыздың сыныбында сынып сағатын өткізуге болады. Бірақ ең алдымен отбасыда үлкендер арасында немесе педагогикалық ұжым арасында бұл тақырыпқа бір сағаттай арнап, синхронизация жасап алған жөн.

8 наурыз туралы балалармен сөйлесудің 12 акценті

  • Акцент 1
    Тарихтан бастау

    8 наурызды «көктем мерекесі» немесе «әдемі қыздардың күні» деп қана түсіндіруі - бұл көмескілендіру. Балаларға бұл күннің қайдан шыққанын, қандай күрестің нәтижесінде пайда болғанын, оның бастапқы мақсаты туралы ашық айту қажет. Әрбір сабақта, іс-шарада, құттықтау мәтінінде, плакатта — тарихи мәнге акцент қойылуы тиіс.
  • Акцент 2
    Бір күн жеткіліксіз

    8 наурыз — бір күндік тақырып емес. Бұл әлі аяқталмаған тарих. Бүгін де жалғасып жатқан теңдік мәселесі. Сондықтан мектепте бұл тақырыпқа кем дегенде бір апта, тіпті бір ай арнаған жөн. Бір күндік мерекелік формат мәселені үстірт қарауға әкеледі.
  • Акцент 3
    Әйелдер түрлі кәсіби салаларда

    Балаларға ғылым, саясат, инженерия, экономика, әскери іс, технология салаларындағы әйелдерді көрсету маңызды. «Әйелдерге арналған жұмыс» деген стереотиптерді саналы түрде бұзу керек. Мысалы, мектепте «Әйел тарихы: А-дан Я-ға дейін» атты альбом жобасын жасауға болады. Әр әріпке — бір есім немесе бір кәсіп тарихы.

    Бұл кішкентай қыздарға шынайы репрезентация береді.
  • Акцент 4
    Қазіргі гендерлік жағдайды талдау

    Тарихпен шектеліп қалмай, бүгінгі күнді де қарастыру қажет:
    • гендерлік құқықтар
    • қауіпсіздік
    • экономикалық теңдік
    • жалақы айырмашылығы
    • саяси өкілдік
    • қыздардың білімге қолжетімділігі
    • денсаулық
    • экология
    • үшінші сектордағы әйелдердің рөлі
    Мұны география, қоғамтану, экономика сабақтарымен байланыстыруға болады. Деректі фильмдер көру — контекстті түсінудің жақсы құралы.
  • Акцент 5
    Көрінбейтін еңбекті көру

    Әйелдердің қоғамға қосқан үлесін тек Нобель сыйлығы деңгейіндегі жетістіктермен өлшеуге болмайды. Үйдегі күтім еңбегі, бала тәрбиесі, эмоционалды қолдау, тұрмыстық жұмыс — бұлардың бәрі де қоғам экономикасының бір бөлігі. Көп жағдайда бұл еңбек «жетістік» деп танылмайды. Ал оны көру және атау — маңызды тәрбиелік қадам. Балалармен бірігіп, «Әйелдердің көрінбейтін үлесі» атты жоба жасап көріңіз. Балалар өздерінің үйіндегі әйелдердің үлесін санап көрсін.
  • Акцент 6
    Тақырыпты өз өміріне жақындату

    Балаларға тек шетелдік мысалдарды емес, өз ортасындағы әйелдерді зерттеуді ұсынған дұрыс:
    • әжесі
    • анасы
    • ауылындағы дәрігер
    • мұғалім
    • кәсіпкер
    • қоғам белсендісі
    Себебі біз тек шетелдік кейіпкерлермен шектелетін болсақ, оқушыларға бұл құндылықтар олардың ортасына жат және іске асыруға келмейді деген күмән тудырамыз.
  • Акцент 7
    Ер балалар мен ер азаматтарды диалогтан шығармау

    Бұл тек қыздарға арналған әңгіме емес. Ер балалардың әлеуметтік сезімталдығын дамыту — қоғамдағы теңдіктің кілті. Әкелерді, ер ұстаздарды, оқушы ұлдарды диалогқа қосу қажет. Гендерлік мәселелер диалогсыз шешілмейді.
  • Акцент 8
    Мәдени паттерндерді талдау

    Өз контекстіңіздегі мәдени үлгілерді ашық талқылаңыз:
    • Қыз баладан нені күтеді?
    • Қашан тұрмысқа шығуы керек деп ойлайды?
    • Қалай сөйлеуі тиіс деп айтады?
    • Қандай армандар «лайықты» деп саналады?
    Бұл жерде бастысы — кінәлау емес, талдау. Балалар стереотипті көре алуды үйренуі керек.
  • Акцент 9
    Жергілікті әйелдерді диалогқа шақыру

    Бұл жұмысты тек мектеп әкімшілігімен немесе мұғалімдермен шектеп қоюға болмайды. Қауымдастықтағы әйелдерді (аналарды, дәрігерлерді, кәсіпкерлерді, фермерлерді, инженерлерді, өнер адамдарын) балалармен кездесуге шақырыңыз.

    Неліктен бұл маңызды? Өйткені тірі диалог — ең қуатты тәжірибе. Балалар шынайы адамның өмір жолын, кедергілерін, шешімдерін, күмәндері мен табандылығын естігенде ғана, тақырып «теория» емес, өмірге айналады. Егер сіз ата-ана болсаңыз, үйде достарыңызды, құрбыларыңызды шақырып, балалармен бірге бейресми шай үстінде әңгіме ұйымдастыруға болады.
  • Акцент 10
    8 наурыз әлі де белсенділік күні

    Кейде 8 наурыз аясында мынандай бұрмалаулар кездеседі: жеңіс күні, бәрі шешілді, теңдік орнады, біздің еске алғанымыз жеткілікті. Ал шын мәнінде, күрес аяқталған жоқ. Сондықтан балаларға әйелдердің құқықтары үшін күрескен адамдардың табандылығын, батылдығын, көшбасшылығын көрсету маңызды. Ең бастысы, балаларға өз деңгейінде бұл процесті қалай жалғастыра алатынын ұсыну.

    Мысалы:
    • жоғары сынып оқушылары кіші сыныптарға сынып сағатын өткізе алады;
    • оқушылар мектеп ішінде ақпараттық плакаттар жасай алады;
    • шағын зерттеу немесе әлеуметтік жоба ұйымдастыра алады;
    • теңдік пен құрмет тақырыбында пікірталас клубын аша алады.
    Балаларға пассивті тыңдаушы емес, проактивті қатысушы болуға мүмкіндік беру керек.
  • Акцент 11
    Жеке шекара мен қауіпсіздік тақырыбын айналып өтпеу

    ендерлік тақырып тек мерекелік нарративпен шектелмеуі тиіс. Әйел адамның шекарасы, харассмент, зорлық-зомбылық, жеке кеңістікті бұзу мәселелері — ашық әрі жасына сай талқылануы қажет. Бұл тақырыптарды тек 8 наурыз аясында емес, мысалы, қараша айындағы зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күндерде арнайы апта ретінде көтеруге болады.

    Балаларға:
    • «жоқ» деп айта білу,
    • өз шекарасын қорғау,
    • басқа адамның шекарасын құрметтеу
    дағдыларын үйрету — гендерлік тәрбиенің ажырамас бөлігі.
  • Акцент 12
    Терең жеке рефлексия

    Бұл жұмысты бастамас бұрын үлкендер өз ішкі тосқауылдарын, қорқыныштарын, алдын ала қалыптасқан пікірлерін саралауы тиіс. Өзіміздегі стереотиптерді байқамай тұрып, балаларға дұрыс бағдар беру қиын.

    Сондықтан:
    • Мен қандай мәдениетте өстім?
    • Мен қыз балаға, ұл балаға қандай жасырын талап қоямын?
    • Менің ішкі қорқыныштарым қандай?
    деген сұрақтарға жауап іздеу — маңызды қадам.
Балаларға пассивті тыңдаушы емес, проактивті қатысушы болуға мүмкіндік беру керек.
8 наурызды бір күндік акция ретінде өткізу жеткіліксіз. Бұл күнделікті ішкі және сыртқы қоғамдық жұмыс. Ал осы мақаладағы ұсныстарды қолдана отырып, сіз, ұстаз ретінде, апталық, айлық немесе модульдік жоспар құра аласыз. Оны үйге де бейімдеуге болады. Бастысы — мерекелік форма емес, мазмұн мен диалог. Дәл осы шынайы диалог болашақ қоғамның сапасын анықтайды.
Осындай тақырыптар сізге жақын болса,
Bridges and Feelings жобасында біз күнделікті өмірдің қарапайым жағдайларында баланың эмоциясы мен дағдылары қалай қалыптасатынын байқап, түсінуге көмектесеміз.
© 2025 «Kinspire» ЖШС | Bridges and Feelings жобасы. Барлық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалған.
  • Дербес деректерді өңдеу саясаты
  • Байланыс ақпараты:
  • Өнімдер бойынша сұрақтар:
  • +7 702 234 53 58, Гульжиян Жаниева
  • Серіктестік мәселелері бойынша:
  • +7 705 401 91 36, Құралай Жарқымбаева
bridgesandfeelings@gmail.com
Made on
Tilda